Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

 

 

 

Жаңалықтар

Нұр-Сұлтан, Қазақстан

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

2022 жылғы 04 маусым

Президент Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл күннің егемен еліміз үшін айрықша мерейлі әрі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қастерлі Тәуелсіздігіміздің рәміздері қабылданғанына дәл бүгін 30 жыл толып отыр.

– Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал, өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент еліміздің басты құндылықтарын құрметтеу – бәріміздің перзенттік парызымыз екеніне назар аударып, оған немқұрайлы қарайтындарға, қадір-қасиетін түсіретіндерге біржола тосқауыл қою қажеттігін айтты.

– Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жөніндегі заңнаманы күшейту маңызды. Сонымен бірге, жастармен жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Осы орайда, бүгінгі салтанатты іс-шараның тәрбиелік мәні өте зор. Ту көтеру – аса маңызды оқиғаларға орай жасалатын ерекше рәсім. Халқымыз тарихи таңдауын жасайтын сәтте алып байрағымыздың көкте желбіреуін жақсы ырымға балаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында сөйлеген сөзінде мемлекеттік рәміздер елдігіміздің жарқын көрінісі, халқымыздың мақтанышы және абыройы екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны ұлтымыздың азаттыққа, өркендеуге және жасампаздыққа деген табанды ұмтылысын білдіреді. Сонымен қатар баршамызды мызғымас бірлікке ұйыстырып, әрбір азаматты Отан үшін күнделікті қажырлы еңбек етуге және үлкен жетістіктерге үндейді.

– Көк туымызды салтанатты түрде көтеріп, ата-бабамыздың даңқты дәстүрін жалғастырамыз. Желбіреген туымыз Тәуелсіздік мұраттарына адал болуға шақырып, ерекше жігер береді. Жаһандық экономикада өршіп келе жатқан сын-қатерлер мен бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс жағдайында біз мемлекеттілігімізді нығайту үшін күш-қуатымызды еселей түсуіміз керек. Мемлекеттік рәміздерімізді мазақ етуге, қорлауға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Мұндай әрекеттерге барғандарды қатаң жазалаған жөн. Біртұтас халық ретінде ұйыса отырып, біз кез келген қиындықты бірге жеңіп, әділетті, тиімді мемлекет құра аламыз, – деді Президент.

 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бас байрағымызды көтерген сәтте ең үздік курсанттарға әскери шен тапсыру игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Сіздер Қарулы Күштеріміздің 30 жылдығында офицер атанғалы тұрсыздар. Бұл – үлкен абырой, зор жауапкершілік. Сондықтан осы мәртебеге лайық болып, көпшілікке үлгі-өнеге көрсетулеріңіз керек. Туған елдің тыныштығы мен тұтастығын қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Тәуелсіздік туын биік ұстау – Отан күзетінде тұрған әрбір ұланның абыройлы міндеті. Ерлік істер осындай патриоттық сезімнен бастау алады. Сіздер ел үмітін ақтайсыздар деп сенемін. Әскери шендеріңіз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін! – деді Мемлекет басшысы.

 

Салтанатты рәсім барысында жоғары әскери оқу орнының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицер погонын алды.

Ту көтеру рәсіміне Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу, мемлекеттік органдар басшылары, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия мүшелері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыстары қатысты.

 

 

 

 

 

 

Кері қайту Кері қайту

Kaynak:https://www.akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-memlekettik-tu-koteru-rasimine-katysty-454641