Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауы

 

 

Жаңалықтар
Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауы
2023 жылғы
Қымбатты отандастар!

 

Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – еліміздің тарихында айрықша орны бар мереке. Сондай-ақ бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін мейрам.

Сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытты. Майданға аттанған жауынгерлеріміздің тең жартысы ұрпақтың болашағы үшін жанын пида етті.

Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді.

 

 

 

Соғыста опат болған боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз.

Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Майдангерлеріміз жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақстан үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Ардагерлеріміз аман болсын!

Жеңіс күні құтты болсын!

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-zhenis-kunimen-kuttyktauy-845817