Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

 

 

 

Жаңалықтар

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

2022 жылғы

Екіжақты кездесу мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді.

 

Мемлекет басшысы Түркия Президентінің мемлекеттік сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толған мерейлі межемен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

– Біз бауырлас Түркия елімен тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Биылдың өзінде жоғары деңгейдегі бірнеше сапар болды. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Менің мамыр айында Түркияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Сол кезде Режеп мырза екеуміз кеңейтілген Стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Түркия – Қазақстанның өте маңызды стратегиялық серіктесі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоғанның екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтып, Түркияның жаһандық және аймақтағы проблемаларды шешуге белсенді қатысып отырғанына тоқталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысы нәтижесінде бірқатар үкіметаралық құжатқа қол қойылғанын хабарлады.

Президенттің айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық – біздің байланыстарымыздың өзегі. Сондықтан алдағы уақытта екі ел арасындағы сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.

 

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу барысында көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың даму перспективасына назар аударды.

–Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалды ұлғайтуға екі ел де мүдделі. Өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін бұл стратегиялық жобаның зор маңызы бар. Биыл 7 айда осы бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2,5 есеге артып, 1 миллион тоннаға жетті. Осы ретте, мемлекеттеріміздің «Орта дәлізді» дамытуы қазір өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөздер барысында жаһандық өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Президент көптеген халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымы жақын екенін атап өтті.

– Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. Екі елдің серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты көпжақты құрылымдар аясында ойдағыдай дамып келеді. Ертең Түркия Президентімен бірге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-шы Саммитіне қатысамыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Өз кезегінде Түркия Президенті Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.

– Біз бауырлас Қазақстанның егемендігін, территориялық тұтастығын, бейбітшілігі мен тұрақтылығын әрдайым қолдаймыз. Біздің бірлігіміз бен ынтымақтастығымыз мәңгілік! Қазақстан Президентінің басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалаймын. Алдағы президент сайлауының қорытындысы Қазақстанға игілік әкелсін, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Түркия Президенті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтты.

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-pen-rezhep-tayip-erdogan-bak-okilderi-ushin-brifing-otkizdi-129741