Қазақстан Президенті Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдады

Жаңалықтар
Ақорда
Қазақстан Президенті Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдады

2022 жылғы
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан астанасына ресми сапармен келген Жапонияның Сыртқы істер министрі Ёшимаса Хаяшиді қабылдады.

Кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ёшимаса Хаяшиге ілтипат білдіріп, екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілету үшін оның бұл сапарының мәні зор екенін атап өтті.

– Жапония – еліміз үшін достас мемлекет. Біз екіжақты қатынастарды жоғары бағалаймыз. Биыл екі ел арасындағы қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл – тарихи белес. Осы кезең ішінде конструктивті ынтымақтастық орнаттық, стратегиялық серіктестікті кеңейттік. Бұл өзара атқарған жұмыстың оң нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықта экономикалық қатынастар маңызды рөл атқарады. Президент сауда және инвестициялық ықпалдастықтың әлеуеті зор екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы Жапониямен арадағы көпжақты экономикалық байланыстарды күшейтуге ниетті екенін айтты. Бұдан бөлек екі елдің БҰҰ аясындағы табысты ықпалдастығын, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Премьер-министрі Фумио Кишиданы қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырғанын нақтылады. Мемлекет басшысының пікірінше, жоғары деңгейдегі кездесулерді ұйымдастыру үшін Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен әлеуетінің берік негізі бар.

 

Өз кезегінде Ёшимаса Хаяши кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Министр Жапония Үкіметінің Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестиция салалары бойынша өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанда жапон компаниялары көп екенін атап өтті.

Ёшимаса Хаяши Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды қолдады және Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігеріне жоғары баға берді.

Бұдан бөлек әңгімелесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. «Орталық Азия – Жапония» форматындағы диалогты одан әрі дамытудың маңызды екені атап өтілді.

 

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/kazakstan-prezidenti-zhaponiyanyn-syrtky-ister-ministrin-kabyldady-2933152