Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шараға қатысты

Жаңалықтар
Астана, Қазақстан
Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шараға қатысты
2024 жылғы 07 наурыз
xПрезидент салтанатты жиынға қатысқан әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.

– 8 наурыз – көктем мерекесі. Бұл – сұлулықтың, мейірім мен жылулықтың символына айналған мереке. Біз ер-азамат болып, сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтейміз және жақсы көреміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

 

Мемлекет басшысы елдіктің жүгін ер-азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына алғыс айтты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Менің бастамаммен өкілді билік саласында сіздерге арнайы квота бөлінді. Қазіргі таңда Парламент пен мәслихаттардағы әйелдердің үлесі артты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қыз-келіншектер Отанымызды дамытуға елеулі үлес қосып жатыр. Өз кәсібін дөңгелетіп жүрген белсенді әйелдеріміз аз емес. Сондай-ақ өндірісте, ғылымда және спортта табысқа жеткен аруларымыз көп. Қазақстандағы ұстаздардың басым көпшілігі – әйелдер. Сіздер жас ұрпақты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулып жүрсіздер. Ұлт саулығын жақсартуға зор еңбек сіңіріп келесіздер. Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген осындай жандар зор құрметке лайық. Бұл – керемет үрдіс, – деді Президент.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы «Ару-Ана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл жолы марапат түрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген қыз-келіншектерге алты номинация бойынша табысталды.

 

«Ару-Ана» байқауының жеңімпаздары:

«Ауыл әйелдерін дамытуға арналған үздік жоба» номинациясы бойынша – Елшібаева Бақытгүл Қазезбайқызы;
«Ғылым саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Шакуликова Гүлзада Тәңірбергенқызы;
«Азаматтық сана-сезімді дамыту бағытындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Ахмеджанова Әлия Серікболқызы;
«Ұлттық мәдени мұраны насихаттау бағытындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Михалёва Анастасия Анатольевна;
«Агробизнес саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Арқашбаева Ботагөз Махамбетқалиқызы;
«Креативті индустрия саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Еділбекова Мәдина Еділбекқызы;
Салтанатты жиыннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әйелмен әлем әдемі» атты мерекелік концертті тамашалады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/prezident-halykaralyk-ayelder-kunine-arnalgan-merekelik-sharaga-katysty-722559